Бағдатта шығатын «Эддифа» газетінің тілшісі Иса Абдүлқадірдің арабша мақаласының аудармасы:
Түркиядағы Нұр шәкірттерінің Ихуан-ы Мүслимин ұйымымен қандай байланысы бар? Олардан айырмашылығы не? Түркиядағы Нұр шәкірттері, Мысырдағы және араб елдеріндегі Ихуан-ы Мүслимин секілді Ислам әлемінің бірлігі үшін әрекет ететін өзінше бір ұйым ба? Бұлар да солардың санатынан ба? Мен де жауап ретінде былай дедім:
Негізінде Нұр шәкірттері мен Ихуан-ы Мүслимин ұйымының мақсаттары, Құран ақиқаттары мен иманға қызмет және Ислам әлемінің бірлігі шеңберінде мұсылмандардың дүниелік және ақыреттік бақытына еңбек ету. Бірақ Нұр шәкірттерінің бес-алты тұрғыдан айырмашылығы бар.
Бірінші айырмашылық: Нұр шәкірттері саясатпен айналыспайды, саясаттан қашады. Егер саясат жүргізуге мәжбүр болса, онда саясатты дінге пайдаланады. Осылайша, саясатты дінсіздік жолында пайдаланушыларға қарсы діннің қасиеттілігін көрсетеді. Ешқашан саяси бір ұйымдары болған емес.Ихуан-ы Мүслимин болса, мемлекеттік жағдайға қарай саясатқа араласу арқылы дін жолында қызмет етеді әрі саяси ұйым құрады.
Екінші айырмашылық: Нұршылар ұстаздарымен бірге отырып жиналыс жасамайды, олай етуге мәжбүр де емес. Ұстазбен жиналыс өткізуге мәжбүрміз деп сезінбейді. Сабақ алу үшін бірге болуды қажетсінбейді. Бүкіл ел дәрісхана іспетті. Қолдарындағы Рисалей-Нұр кітаптары оларға ұстаз секілді сабақ береді. Әрбір рисале бір Саид секілді болады.Қолдарынан келгенше ақысыз көшіреді. Мұқтаж жандардың оқып-үйренуі үшін тегін береді. Осылайша алып мемлекет, алып дәрісханаға айналады.Ихуан-ы Мүслимин болса, барлық орталықтарда өздерінің мүршидтерімен, басшыларымен жүздесіп, сабақ алу үшін алдарына барады. Ұйымның бөлімшелерінде де үлкен ұстазбен және оның көмекшілерімен, уәкілдерімен кездесіп тұрады. Олардан дәріс, бұйрық алады. Сондай-ақ жалпы орталықтарда шыққан газет-журналдың ақысын беріп, олардан дәріс алуда.
Үшінші айырмашылық: Нұр шәкірттері, жоғары оқу орнының шәкірттері секілді ғылыми отырыстар арқылы дәріс алуда. Үлкен бір уәлаят бір медресеге айналады. Бірін-бірі көрмесе де танымаса да қашықта тұрса да бір-біріне дәріс беруде және бірге дәріс оқуда.Ал Ихуан-ы Мүслимин болса, мемлекеттері мен жағдайларының талабына орай газет-журналдар мен кітаптар шығарып, бүкіл әлемге таратады. Сол арқылы бір-бірін танып, дәріс алады.
Төртінші айырмашылық: Нұр шәкірттері, бүгінгі күні Ислам әлемінің көптеген жеріне таралған, әрі жиі кездеседі. Әртүрлі өкіметтің қол астында болғанымен жиналып, бас қосуға рұқсат сұрамайды. Өйткені, ұстанған жолдары саяси ұйым болмағандықтан жергілікті өкіметтен рұқсат сұрауға мәжбүрміз деп қарамайды.Ал Ихуан-ы Мүслимин болса: ұстанымдарына орай саясатқа араласуға, ұйымдар құруға және бөлімшелер мен орталықтар ашуға мұқтаж болғандықтан жергілікті өкімет орындарынан рұқсат алуға мәжбүр. Нұршылар секілді білінбейді емес білінеді. Осыған орай, жалпы орталықтары болған Мысырда, Сирияда, Ливанда, Палестинада, Иорданияда, Суданда, Мароккода және Бағдатта көптеген бөлімшелер ашқан.
Бесінші айырмашылық: Нұр шәкірттерінің арасында әртүрлі сынып бар. Нұршылардың арасында Құран үйрену үшін мешітке барып жүрген жеті-сегіз жасар сәбиден бастап, сексен-тоқсан жасындағы қарттарға дейінгі әйел де бар, ер адам да бар. Сондай-ақ, шаруадан бастап депутатқа дейін, қатардағы сарбаздан жоғары шенді қолбасшыға дейін бар. Бүкіл осы әртүрлі деңгейдегі Нұршылардың бар мақсаты, Құранның жол сілтеуімен шынайы иман арқылы нұрлану. Бар іс-әрекеттері, ғылым мен таным және иман ақиқаттарын жаю. Бұдан өзге іспен айналысқан емес. Қатал сот орындары мен қызғаншақ қасқөйлер жиырма сегіз жылдан бері осынау қасиетті қызметтен өзге бір мақсатты олардан таба алмағандықтан, оларды жауапқа тарта алмай, ыдырата алмай отыр. Сондай-ақ Нұршылар, өздеріне жақтас адам іздеуге мұқтаж емес... «Біздің міндетіміз қызмет, тұтынушы іздемейміз. Олар бізді іздеп, тапсын» дейді. Санға көңіл бөлмейді. Шынайы ықыласы бар бір адамды жүз адамнан артық көруде.Ал Ихуан-ы Мүслимин болса, олар да Нұршылар секілді Ислам ілімі мен танымы жолында және иман ақиқаттарын ұстану үшін жұртты құлшындырып, солай қарай бағыттауда. Бірақ, жағдайлары, мемлекет пен саясатқа араласуды талап еткендіктен санға көңіл бөлуде, өздеріне жақтастар іздеуде.
Алтыншы айырмашылық: Шынайы ықыласты Нұршылар, материалдық пайдаға мән бермейді. Кейбіреулері кедей бола тұра аса үнемділік пен қанағат арқылы Құран қызметінде шынайы ықыласты әрі жанкешті болу үшін сабырлылық көрсетуде. Сандары өте көп және қатігез дінсіздердің алдында жеңіліс таппау үшін және мұқтаж жандарды ақиқатқа, ықыласқа шақыруда күмән келмеуі үшін Аллаһтың ризашылығынан басқа әлгі қасиетті қызметті ешнәрсеге құрал етпеу үшін қоғамдық өмірдің пайдаларынан өздерін аулақ ұстауда.Ал Ихуан-ы Мүслимин болса мақсаттары бір бола тұра, мекен-жай, ұстаным және кейбір себептерге байланысты, Нұр шәкірттері секілді дүниені тәрк ете алмауда. Барынша жанкештілік көрсетуге өздерін мәжбүрлемейді.